• Күнтізбе

    Мамыр (2024)
    Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
     12345
    6789101112
    13141516171819
    20212223242526
    2728293031  
  • Оқырмандар саны

    • 231  445 -ге жетіпті

Бөдененің құйрығы неге қысқа?


Бұл былай болған екен. Ертеде мынау, төмен жақта бір биік тау болыпты. Ол таудан әрі қарай ешбір құс асып өте алмапты.  Нелер ұшқыр, қыран құстар талаптанып көріпті. Бірақ,  шамалары келмепті.Бүркіттің ұшқыш қыраны келіпті, аса алмапты. Қырғидыңатақтысы келіпті, ол да аса  алмапты. Ең соңында «енді кім қалды?»-дегенде, бөденеден басқаның бәрі сыннан өтіп біткен екен. Бөдененің атақтысы шақырылыпты.

-Тәуекел!-деп, бөдене ұша  жөнеліпті. Шырқап көтеріліп барып,  таудан ол да аса алмапты. Сонан соң ызаланған бөдене зымырап  құйылғаннан құйылып кеп, тауды көкірегімен соққан екен дейді. Сонда ол таудың ар жағына бір-ақ  түсіп кетіпті. Міне, содан бері қарай бөдене қонғанда аяғымен қонбайды,  көкірегін жерге  соға қонады. Ал, құйрығы нағып қысқа десек, әлгі тау тесігінің арасында жұлынып қалып қойыпты. Әйтпесе, бұрын бөдененің құйрығы қырғауылдың құйрығындай ұзын болса керек.

Сөйтіп, биік таудан аса алмаған құстар әрі қарай бөдене тескен тесіктен асып барыпты дейді.

Сауысқан мен көкек


Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: «ұя керек», «ұя керек»,-деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан  көршісіне:

-Екеуміз  бірігіп ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз,-дейді. Көкек:

-Менің ұя салатын қуатым да,  қаруым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер,-деп келіспейді.

Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға  кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен тасалап, берік етіп өрді. Оны шыммен, өсімдік тамырларымен мықтап байланыстырды.Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкене бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі.Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі р-ды айта алмай, «керек» деудің орнына «келек, келек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез-келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.

Сүлеймен патша мен байғыз


Сүлеймен  патша бір қатынын мейілінше жақсы көріп, соның не айтқанын орындайды екен. Бір күні  сол қатыны Сүлейменге айтыпты: «Дүниедегі тәмам құстардың  сүйегінен сарай салып бер»,- деп. Сонда патша  қаршығаны  шақырып алып,  тәмам құстарды жиюға  бұйырыпты. Сонда қаршыға бұйрықты орындап,  құстарды  тегіс жинағанда, бір-ақ кішкене құс- байғыз келмей қалыпты. Сонда патша қаһарланып, қаршығаны қайтадан жіберіпті. «Байғызды я тірі, я өлі алып кел!»,- депті. Қаршыға барып мәнісін айтқанда, байғыз жауап беріпті: «Мені патша неге шақырады, мендей кішкенені, мен неге керекпін, бірақ мен кішкене болсам да ақылым көп»,-депті. Сонда қаршыға  айтыпты: «Әгер бармасаң, өлтірсем де алып кетемін»,-депті. Сонан соң байғыз  амал таба алмай, келіпті. Сонда Сүоеймен патша ашуланып: «Әуелі шақырғанда неге келмедің?»-депті. Байғыз: «Үйде отырып ой  ойладым»,-депті. «Сен сондай кішкене құссың,  не  ойладың?»,- деп жауап сұрағанда, байғыз айтыпты: «Я  падишаһ, дүниеде  өлі көп пе,  тірі көп пе деп санап едім»,-депті. Патша: «Қандай болып шықты?» -депті. Байғыз: «Қанша санасам да өлінің бірі артық болды»,-депті. Патша: «Олай емес, маған тірі көп көрінеді»,-депті. Сонда байғыз айтыпты: «Мен хисаптағанда  ұйықтағандарды да өлі деп санадым, ояу жүріп құдайға құлшылық қылмағандарды ұйықтаушы деп білемін, сол себепті өлі көп болып шықты»,-депті. Патша:

-Мұндай қулықпен құтылмайсың, мұны сенсіз де кітаптан білемін. Әгерде  сен бірдемемен өзіңді ақтамасаң, қаршығаға жегіземін,-депті қаһарланып.

-Дат, патшам, мен тағы та хисап  қылып едім, дүниеде еркек көп пе, ұрғашы көп пе деп,  ұрғашының біреуі артық шықты,- депті. Патша:

-Не айтып тұрсың, еркектің көптігін әркім біледі, не санадың?-депті.

-Дат, патша, мен  хисаптағанда ұрғашының тілін алып, қыл дегенін қылған еркекті ұрғашы деп санадым, сол үшін ұрғашының бірі артық болды,-деді.

Сонда Сүлеймен ойланып отырып айтты дейді: «Сен рас айтасың, байғыз, мен сенің ойыңды білдім,  мен қатынымның тіліп алып, жазықсыз сіздердің сүйектеріңнен  сарай салып беруді ойлап едім»,-деп. Патша қаршығаға бұйрық қылыпты: «Құстарды босатып қоя бер, һәм оларға айт, байғызға алғыс айтсын, құтқарғаны үшін»,-депті.

Жарқанат турасындағы бұрынғыдан қалған сөз


Бір күні Сүлеймен  ғалейассалам барша құсты  жиып алып  айтыпты: «Мен  бұл күнде қартайдым,  етіме жұмсақ төсек болмаса болмайды. Баршаларыңыз барыңыздар,  бір-бір жүндеріңізді беріңіздер, содан төсек істеуге керек»,-дейді.

Сонда барша ауадағы құстардың бәрі де бір-бір жүнін жұлып берді дейді. Сүлеймен ғалейассаламға. Мұнда жалғыз жарқанат «Сүлейменге қалайша бір тал жүнімізді береміз» деп, өзінің тәуір деген жүнінің бәрін алып беріпті. Сонда  Сүлеймен  ғамма жүнін алып, «құстардың алды бол» деп бата беріпті. Мұнан соң,  кешікпестен ойлап: «Жалаңаш нәрсеге өзге құстар мазақтап күле бере ме?»- деп, тағы айтыпты: «Сен ауада түнде ұшарсың, кұс пенен адам байқап сиқыңды көрмейтін уақытта»,-депті. Содан бері жарқанат тек  түнде ұшатын болыпты.