• Күнтізбе

    Қазан 2014
    Дс Сс Ср Бс Ж Сн Жк
    « Sep    
     12345
    6789101112
    13141516171819
    20212223242526
    2728293031  
  • Оқырмандар саны

    • 39,101 -ге жетіпті

Төрт түлік малдың кеңесі


Қой, сиыр, жылқы, түйе төртеуі бір күні  жайылып жүріп, кеңеседі. «Қайсымыз қандай жерге? Қандай  кісіге  бітсек, жақсы  болар еді?»- деген сөзді айтысады-мыс.

Сонда сиыр айтыпты:»Қалың қорық-нуға бітем, қоры үзілген қуға бітем»

Қой: «Күнгейлі қаратасқа бітем, жүн жеп, жабағы тышқан насқа бітем»

Жылқы: «Бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем»

Түйе: «Жалмаң құлақты  сорға  бітем,  ел ішіндегі зорға бітем» депті

Жарқанат турасындағы бұрынғыдан қалған сөз


Бір күні Сүлеймен  ғалейассалам барша құсты  жиып алып  айтыпты: «Мен  бұл күнде қартайдым,  етіме жұмсақ төсек болмаса болмайды. Баршаларыңыз барыңыздар,  бір-бір жүндеріңізді беріңіздер, содан төсек істеуге керек»,-дейді.

Сонда барша ауадағы құстардың бәрі де бір-бір жүнін жұлып берді дейді. Сүлеймен ғалейассаламға. Мұнда жалғыз жарқанат «Сүлейменге қалайша бір тал жүнімізді береміз» деп, өзінің тәуір деген жүнінің бәрін алып беріпті. Сонда  Сүлеймен  ғамма жүнін алып, «құстардың алды бол» деп бата беріпті. Мұнан соң,  кешікпестен ойлап: «Жалаңаш нәрсеге өзге құстар мазақтап күле бере ме?»- деп, тағы айтыпты: «Сен ауада түнде ұшарсың, кұс пенен адам байқап сиқыңды көрмейтін уақытта»,-депті. Содан бері жарқанат тек  түнде ұшатын болыпты.

Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі


Қазақтың есептерінде  жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел­-он екі жыл болады.Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: әуелі жыл мүшелде­тышқан, екінші- сиыр,  онан соң ­барыс,  қоян,  ұлу,  жылан,  жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді.

Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша сол хайуандар жыл ағасы болуға дауласыпты. Сонда жылқы айтыпты: «Мен адам үстіме мінсе алысын жақын етемін,  менің күшім болcа көреді, сүтім болса  ішеді, қылыма  дейін арқан, жіп еседі, адамға менен  пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын»-дейді. Түйе айтты: «Сен адамның жұмысын қыласың, арпа,сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен, сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айлық алыс  жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан,  не кез келсе соны қорек етіп, табылса су ішіп,  табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық»,­- дейді.

Сиыр айтты:»Адам егін ексе менімен  егеді,  сүтімді ішеді, құрт-май істейді»,-дейді.

Қой айтады: «Мен болмасам қазақ үйін немен жабар еді?Жүнімді алып, киіз  істейді,  жабағымменен киім тігеді, арқан-жіп істейді, сүтімнен құрт-май  алады»,-дейді.

Ит айтты:»Мен болмасам сендердің  көбіңді не ұрлап,  не қасқыр жеп тауысар еді. Сендердің баршаларыңның мен бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап иеме хабар беремін»

Тауық айтты:»Мен болмасам кісі ерте тұрып, жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып,  хабар айтамын «таң атты» деп, көп отырса «жұмысыңнан қаларсың, жатар уақыт болды»  деп, түн  ортасында шақырамын, кеш болса тағы шақырамын, «мезгіл болды» деп»,-дейді.

Тышқан не айтарын білмей тұрды да,  бір түрлі  қулық ойлап, жиналған көпке айтты: «Бұл таласқаннан еш нәрсе  өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын»,-дейді.

Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп, «менен бұрын кім көреді»,-деп  тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрды.Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің үстіне  шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болғаны.

«Түйе бойына сеніп құр қалды»,- деген сөз осыдан қалған екен.

Ерте, ерте, ертеде…


Неге екенін қайдам,  бала күнімді  сағынамын. Бәлкім,  мұндай  сезім барлық адамның  бойында болатын шығар. Дегенмен,  балғын балалық  шақты еске түсіріп тұратын дүниелер бізде аз қазір. Бірақ,  қазақтың ғасырлардан  ғасырларға  жалғасып келе жатқан ертегілері бар. Әрине, қазір қазақ ертегілерінің барлығын интернеттен табу мүмкін емес.  Сондықтан,  ертегілерге арналған блог ашып,  қазақтың әдемі хиқаяларын салуды жөн көрдім. Әрине,   қиял-ғажайып ертегілер, жан-жануарлар туралы ертегілер, салт ертегілері, шыншыл ертегілер, күлдіргі ертегілер,  аңыз ертегілер деп  бізден бұрынғы  зерттеушілер жіктеп-жіліктеп берген  барлық ертегіні  блогқа қою мүмкін емес те шығар. Бірақ,  талпынып көруге бел байладым. “Бақа сисе, көлге сеп” дейді қазақ. Біздің бұл ісіміздің  пайдасын  біреулер көретін болса, жеңісіміз сол. Ендеше алдымен жан-жануарлар туралы ертегілерден бастап көрейік…

Сонымен  “Ерте, ерте, ертеде…”

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.