• Күнтізбе

    Қазан 2014
    Дс Сс Ср Бс Ж Сн Жк
    « Sep    
     12345
    6789101112
    13141516171819
    20212223242526
    2728293031  
  • Оқырмандар саны

    • 39,419 -ге жетіпті

Құрым сары айғыр мен сыншыл шолақ қасқыр


Бұрында бір бай болған екен. Ол байдың  жылқысына сан жетпейді. Ұшан-теңіз көп болыпты. Осы көп жылқының басы-бір айғыр екен. Байдың барлық жылқысы да бір, осы айғыры да бір екен. Мұны құрым сары айғыр деп атайды екен.  Мұның үйірін еш уақытта жылқышы бақпайды, құрым сары айғыр өзі бағып, иіріп, қайырып, өргізіп, тұрғызып жүреді екен. Құрым сары айғырдың үйірін ұры алып, я жұттан өліп көрмепті. Құрым сары айғыр тұлпар екен. Бұдан туған құлыны да тұлпар болады екен. Құрым сары айғыр қасқырға жылқы алғызбапты. Құрым сары айғырдың баласы бәрі де тұлпар болып туады екне. Мұны бір сыншыл шолақ қасқыр біліп, ылғи осы құрым сары айғырдың құлынын өсірмей, желіде тұрғанда жеп кететін болыпты. Тіпті, құрым сары айғырдың ұрығы дарыған бие, байталға да өш болыпты. «Ит бүйрегін бөрі сүймес» деген. Құрым сары айғырдан тұлпар туып, жүйірік көбейсе қасқырға жайсыз тиетінін сыншыл  шолақ қасқыр  ертеден білген, бұл қасқырдың сырттаны екен.

Сыншыл шолақ қасқырдың өшіккенін біліп, құрым сары айғыр  оған жылқы алғызбай жүріпті. Шолақ қасқыр қанша торуылдап, шапса да жануар  құрым сары айғыр кеуделесіп жылқыға дарытпапты.

Құрым сары айғыр осылай сыншыл  шолақ қасқырға жылқы бермей жүре беріпті. Бір замандарда құрым сары айғырдың балаларының алды құнан, дөнен, бесті шығар болыпты. Мұны көргенде сыншыл шолақ қасқыр өзіне ажал оғы жеткендей көрді. Жейін десе, құрым сары айғыр алғызбады. Құрым сары айғыр өлсе басқасын жеу оңай. Құрым сары айғырдың өзіне  сыншыл шолақ қасқыр талай рет  жейін деп шапса да ала алмай жүрді, жекпе-жекке түгілі жылқы да бермейді.

Бір жылдары қыс өте  қатты болды. Мұндайда қасқырдың құтырып кететіні қандай?! Жерік айы туған соң құтырынып, қасқыр атаулы  малға жериді. Шолақ қасқырдың  көзінен от үзініп, үнемі аңсағаны  құрым сары айғыр болды. Оны жемей жерігін баспайтындай көрінді.

Бр қатты боранда сыншыл шолақ қасқыр ұлып, көп қасқырды қасына жинап алып, құрым сары айғырдың үйрініе келе-ақ тиіседі. Құрым сары айғыр  жалғыз өзі көп  қасқырға жылқы бермеуге  көп уақыт тырысады. Ақырында  қоймайтын болған соң, жануар өзі қашады. Не керек, тұлпарды көп қасқыр мұзға қамап жарып өлтіреді. Бұл солай жата тұрсын. Енді басқа  жағына келейік. Құрым сары айғырдың қайыруымен ғана тұрған жылқы оның үстіне қасқырдан үркіп желігіп,  дүркіреп шауып жөнелді.

Ертеңінде  жылқышы  іздеп келсе  жылқы жоқ, ығып кеткен екне. Бір жерде  құрым сары айғырдың өлімтігін тауып алады. Байға  хабар да барып қалды. Құрым сары айғырды жоқтап бай  үнемі жатып алды. Ойнап, күлмеді. Сонда  сыншы айтты дейді: «Құрым сары айғыр тұлпар еді, одан туған  құлында  тұлпар еді, соны біліп құрым сары айғырды жеген сыншыл шолақ қасқыр. Егер шолақ қасқыр өлмесе ол сенің жылқыңның тұқымын құртады»-депті.

Мұны естіген соң бай құрым сары айғырдың баласынан төрт ат баптап, қатырып, жаратады. Аттар әбден бабына келген соң, қасқырды іздеп шығып, бір жерден көп қасқырдың ізін табады. Ізге түсіп қуа-қуа кетіп бара жатқан қасқырлардың үстінен шығады. Ішінде сыншыл шолақ қасқыр да бар екен. Бұл қуа береді. Бір мезгілде сыншыл шолақ қасқыр бұрылып, артына қарайды. Қараса бір ат оқшау алдында келе жатыр екен. Шолақ қасқыр қасындағыларға білдіреді. «Бұл аттың арты аласа, алды жоғары екен. Өрге қарай шабайық» -дейді. Шолақ қасқыр бастап, бұлар өрге қарай шабады. Әрі-бері  жүрген соң алды жоғары ат  өрге қарай шаба алмай, қалып қояды. Мұның алдына екінші бір ат шықты. Мұны да сыншыл шолақ қасқыр қарап көріп, «бұл аттың арты биік, алды аласа екен, ойға қарай шабайық»-деп төмен қарай  шабады. Алды аласа та ылдиға қарай шаба алмай, бұ да қалып қояды. Мұның алдына үшінші бір ат шығады. Сыншыл шолақ қасқыр мұны да қарап, «бұл аттың  көзі шағыр екен» деп, күннің астына қарай шабады. Күннің астына қарай шапқан осң, көзі күнге шағылып бұл ат та шаба алмай қалып қояды. Мұның алдына ең ақырғы- төртінші ат шығады. Шолақ қасқыр қарап, «бұл аттың он екі мүшесніде мін жоқ екен»-дейді. «Жүйірік ат бір қалса аяғынан қалады» -деп неше түрлі  тау-тасқа салып жорға береді. Ақырында осы атпен сыншыл шолақ  қасқырды  қуып жетіп ұрып алады. Сөйтіп,  құрым сары айғырды  жеген шолақ қасқырды өлтіріп, дұшпанын мұқатып, мұратына  жетеді.

Бөдененің құйрығы неге қысқа?


Бұл былай болған екен. Ертеде мынау, төмен жақта бір биік тау болыпты. Ол таудан әрі қарай ешбір құс асып өте алмапты.  Нелер ұшқыр, қыран құстар талаптанып көріпті. Бірақ,  шамалары келмепті.Бүркіттің ұшқыш қыраны келіпті, аса алмапты. Қырғидыңатақтысы келіпті, ол да аса  алмапты. Ең соңында «енді кім қалды?»-дегенде, бөденеден басқаның бәрі сыннан өтіп біткен екен. Бөдененің атақтысы шақырылыпты.

-Тәуекел!-деп, бөдене ұша  жөнеліпті. Шырқап көтеріліп барып,  таудан ол да аса алмапты. Сонан соң ызаланған бөдене зымырап  құйылғаннан құйылып кеп, тауды көкірегімен соққан екен дейді. Сонда ол таудың ар жағына бір-ақ  түсіп кетіпті. Міне, содан бері қарай бөдене қонғанда аяғымен қонбайды,  көкірегін жерге  соға қонады. Ал, құйрығы нағып қысқа десек, әлгі тау тесігінің арасында жұлынып қалып қойыпты. Әйтпесе, бұрын бөдененің құйрығы қырғауылдың құйрығындай ұзын болса керек.

Сөйтіп, биік таудан аса алмаған құстар әрі қарай бөдене тескен тесіктен асып барыпты дейді.

Алты түлкі


Бұрынғы уақытта алты түлкі жолдас болыпты. Алтауының біреуінің  құйрығы шолақ екен. Ана құйрығы ұзын бес түлкі: «Сенің құйрығың жоқ»,-деп келе қылып, күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі:Осыларды, мен осы бес түлкінің қандай қылып құйрықтарын шолақ қылып қоямын»,-деп ойлап келіп тапқан ақылы. Сонда бес түлкіге айтты:

-Біз бір жақсы ойын қылайық!-деп.

Түлкілерді алып келіп, қарағайға  құйрықтарын байлап өойып, өзі биік бір таудың басына шығып, түлкілерге айтты:

-Мына жақта бүркіттер келе жатыр,-деп, өзі қашты. Сонда бес түлкі қашамыз деп құйрықтарын үзіп, әммесі шолақ болып қалады, шолақ болғаннан кейін шолақ түлкі өздерін шолақ қылып, серік етіп алды. Алтауы бірдей  шолақ болған соң  ешкім мазақтап күлмейтін болды

Сауысқан мен көкек


Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: «ұя керек», «ұя керек»,-деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан  көршісіне:

-Екеуміз  бірігіп ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз,-дейді. Көкек:

-Менің ұя салатын қуатым да,  қаруым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер,-деп келіспейді.

Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға  кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен тасалап, берік етіп өрді. Оны шыммен, өсімдік тамырларымен мықтап байланыстырды.Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкене бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі.Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі р-ды айта алмай, «керек» деудің орнына «келек, келек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез-келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.

Түлкі мен қоян


Әуелі  түлкінің  құйрығы  жоқ еді. Әрқашан қасқырменен тату тұрмаған  себепті құйрығының жоқтығы жүрген ізін жасыра алмай, оған бек қатты залал келтірген. Соның үшін қасқыр әрдайым түлкінің артынан түсіп, аңдып жүріп, бір күні қасқыр барып оның ініне кірген. Әгәрдә  түлкі іннің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе, өлтіріп тастар еді. Әлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көреді. Ол мезгілде қоянның құйрығы ұзын  болып,  шапшаң жүргендеріне ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі  қоянды ұстап алып, өлтірмекші болғанда қоян сұрапты: «Мені өлтірме, саған құйрығымды сыйға берейін»,-деп уағда қылады. Мұнысына  түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастайды. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы  қысқа болып қалған екен.

Сәйгүлік тұлпар жылқы қайдан туады


Ұрғашы құлын есейген соң түсіндесуынды көріп, ғашық болады. Ретін тауып жарық айлы түнде теңіз жағасына барады. Сонда  теңізден суын шығады. Суын-теңіз жылқысы. Өте әдемі,  құйрық жалы жерге  сүйретіліп, үстінен тоқтамай су тамшылап тұрады-мыс. Міне, осы екеуінен тұлпар туады дейді.

Сүлеймен патша мен байғыз


Сүлеймен  патша бір қатынын мейілінше жақсы көріп, соның не айтқанын орындайды екен. Бір күні  сол қатыны Сүлейменге айтыпты: «Дүниедегі тәмам құстардың  сүйегінен сарай салып бер»,- деп. Сонда патша  қаршығаны  шақырып алып,  тәмам құстарды жиюға  бұйырыпты. Сонда қаршыға бұйрықты орындап,  құстарды  тегіс жинағанда, бір-ақ кішкене құс- байғыз келмей қалыпты. Сонда патша қаһарланып, қаршығаны қайтадан жіберіпті. «Байғызды я тірі, я өлі алып кел!»,- депті. Қаршыға барып мәнісін айтқанда, байғыз жауап беріпті: «Мені патша неге шақырады, мендей кішкенені, мен неге керекпін, бірақ мен кішкене болсам да ақылым көп»,-депті. Сонда қаршыға  айтыпты: «Әгер бармасаң, өлтірсем де алып кетемін»,-депті. Сонан соң байғыз  амал таба алмай, келіпті. Сонда Сүоеймен патша ашуланып: «Әуелі шақырғанда неге келмедің?»-депті. Байғыз: «Үйде отырып ой  ойладым»,-депті. «Сен сондай кішкене құссың,  не  ойладың?»,- деп жауап сұрағанда, байғыз айтыпты: «Я  падишаһ, дүниеде  өлі көп пе,  тірі көп пе деп санап едім»,-депті. Патша: «Қандай болып шықты?» -депті. Байғыз: «Қанша санасам да өлінің бірі артық болды»,-депті. Патша: «Олай емес, маған тірі көп көрінеді»,-депті. Сонда байғыз айтыпты: «Мен хисаптағанда  ұйықтағандарды да өлі деп санадым, ояу жүріп құдайға құлшылық қылмағандарды ұйықтаушы деп білемін, сол себепті өлі көп болып шықты»,-депті. Патша:

-Мұндай қулықпен құтылмайсың, мұны сенсіз де кітаптан білемін. Әгерде  сен бірдемемен өзіңді ақтамасаң, қаршығаға жегіземін,-депті қаһарланып.

-Дат, патшам, мен тағы та хисап  қылып едім, дүниеде еркек көп пе, ұрғашы көп пе деп,  ұрғашының біреуі артық шықты,- депті. Патша:

-Не айтып тұрсың, еркектің көптігін әркім біледі, не санадың?-депті.

-Дат, патша, мен  хисаптағанда ұрғашының тілін алып, қыл дегенін қылған еркекті ұрғашы деп санадым, сол үшін ұрғашының бірі артық болды,-деді.

Сонда Сүлеймен ойланып отырып айтты дейді: «Сен рас айтасың, байғыз, мен сенің ойыңды білдім,  мен қатынымның тіліп алып, жазықсыз сіздердің сүйектеріңнен  сарай салып беруді ойлап едім»,-деп. Патша қаршығаға бұйрық қылыпты: «Құстарды босатып қоя бер, һәм оларға айт, байғызға алғыс айтсын, құтқарғаны үшін»,-депті.

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.